Әлем футболының жарық жұлдызы Диего Армандо Марадона 60 жасында жүрек талмасынан көз жұмды. Бұл ақпаратты аңыз спортшының агенті БАҚ өкілдеріне растап та үлгерді.
Осы айдың басында ауруханаға жатқызылған оның миына дәрігерлер ота жасап, қарашаның 12-сі күні үйіне жіберген еді. Бірақ ем-дом алу барысында қиындықтар болып, көп ұзамай футболшы қайтыс болды.
Аргентина командасын әлем чемпиондығына жеткізген Марадона спорттық мансабында 581 матч өткізіп, 293 гол соқты. Оның ең жарқын күндері ұлттық құрама (113 ойын/50 гол) мен италиялық «Наполи» сапында өтті.
Диегоның еншісінде Италия біріншілігі мен Кубогы, Испания Кубогы, УЕФА Кубогы және тағы да басқа жетістіктер бар. Солардың ішінде 1986 жылы Мексикада өткен әлем чемпиондығының орны алабөтен екені даусыз…
Қош, Диего! Қош…