Маңғыстау облысындағы кәсіпкерлік саланың өңір экономикасындағы үлесі 31,8%-ға жетті. Бұл туралы облыс әкімі Серікбай Трұмов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.
Маңғыстаулық кәсіпкерлер ІІ тоқсанда 17,6% өсім көрсетіп, 692,6 млрд. теңгенің өнімін шығарды. Бүгінде шағын және орта бизнестің 756 жобасы мемлекеттік қолдау механизмдерін пайдаланды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен салыстырғанда 2 есеге артық.
Серікбай ТРҰМОВ, Маңғыстау облысының әкімі
Оның ішінде «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 312 жобаға 51,8 млрд. теңгеге қолдау көрсетілді. 1300-ден астам жаңа жұмыс орны құрылып, 3070 жұмыс орны сақталды. Былтырмен салыстырғанда қолдау алған жобалар саны 1,7 есеге артты. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 1,6 млрд.теңгеге 317 шағын несие беріліп, 399 жұмыс орны құрылды. Қарапайым заттар экономикасы аясында жеңілдетілген несие алуға құны 71 млрд. теңгенің 101 жобасы мақұлданды.
Әлемдік індеттің өршуіне байланысты кәсібі тұралап қалған өңірдің 17 мыңға жуық шағын және микробизнес субъектілері салық төлеуден босатылып, жеңілдіктер берілді. Сондай-ақ, 404 кәсіпкерге жалпы сомасы 14,8 млрд. теңгеге негізгі қарыздары мен сыйақы төлемін өтеу кейінге қалдырылды. Бұдан бөлек, бар-жоғы 1 процентпен несие беретін өңірлік «Нұр капитал» жобасы бірнеше жылдан бері жемісін беріп келеді. Биыл 548,7 млн. теңгені құрайтын 26 жоба қаржыландырылып, 128 жаңа жұмыс орны құрылды. Бағдарлама басталғаннан бері 2,9 млрд. теңгеге 149 жоба мақұлданып, 1 126 жаңа жұмыс орны ашылды.