Атырау облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде темір тордағылардың қолынан шыққан бұйымдардың көрмесі өтті. Сайыс түрінде ұйымдастырылған көрмеде 20 шебердің 60 шақты жұмысы қойылған: картиналар, газеттен жасалған құмыралар, былғары мен ағаштан жасалған бұйымдар, тоқылған ойыншықтар.
Туындылардың бір бөлігі «Шаңырақ» балалар ауылына, тағы бір бөлігі қарттар үйіне жіберілді. Жұмыстарды бағалауға департамент қызметкерлері мен ұлттық алдын алу тетігінің өкілдері қатысты.
Альбина ИСАХАТОВА, Атырау облыстық ҚАЖД бөлімнің бас маманы
Бұйымдарға көз салсаңыз, көбіне табиғат, өкініш, бостандық тақырыптарында екенін аңғару қиын емес. Психологиялық тұрғыдан қарасақ, бұл кісілердің негізгі мақсаты – үйлеріне, балаларына жету. Барлық картинада бостандыққа деген арман ап-анық көрсетген.
Көрме қорытындысы бойынша, Ермекбаева мен Набидуллаев алға шықты. Одан кейінгі орын Костюнин мен Қаденовке тиесілі. Ал үшінші орынды Исаева мен Мұхамбетов иеленді. Одан бөлек, тағы 5 қатысушы ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.