Өңірдегі экологиялық ахуалды тұрақтандыру – басты назарда. Бұл жөнінде облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың қатысуымен өткен жиында айтылды.
Жиналыста зауыт қалдықтарының ауаға жіберілуі, «Сасық сайға» төгілген мұнай, соңғы уақыттағы құстардың қырылуы мен қамыстыңі жиі өртенуі сөз болды. Өңір басшысы мұндай олқылықтарды түгелдей жойып, алдын алу бағытында бірқатар тапсырма берді.
Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ, Атырау облысының әкімі
АМӨЗ, Теңізшевройл, НСОС компанияларына барлық зиянды ластауыш көздері болып табылатын қондырғыларды катализаторлармен жабдықтап, өндірістік процесте ең озық технологияларды пайдалануды тапсырамын. Тазаланбаған мұнайды «Сасық сайға» жіберу ақылға еш сыймайды. Осы бағытта жұмыстануымыз керек. Тиісті органдар барайын десе, барып тексеріс жүргізе алмайды, айыппұл салып, жауапкершілікке тарта алмайды. Осыны мемлекеттік органдармен бірге шешуіміз керек.
Әрі қарай өткен аптада қырылған құстардың жайы көтерілді. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы өкілінің айтуынша, қазір олардың саны 110-нан асқан. Зерттеуге жіберілген қорытындыда құс тұмауының жоқтығы анықталған, сондықтан қанаттылардың улануы мүмкін деген тұжырым айтылды. Ал нақты нәтиже осы жұмада белгілі болмақ.