Мақатта облыстық мәслихаттың партиялық тізіміне ұсынылған кандидаттар пікірсайыс арқылы анықталды. Бұл «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының кезектен тыс 32-ші конференциясында жүзеге асты.
Филиал төрағасы, аудан әкімі Шәкір Кейкиннің төрағалығымен өткен жиынға аймақтағы партия мүшелерінен 50 делегат қатысты. Пікрсайыс екі кезең бойынша жүргізіліп, төрт үміткер сайлауалды бағдарламаларының негізгі тезистерін таныстырды. Кейін делегаттар арнайы дайындалған дауыс беру орындарында өз таңдауларын жасады. Дауыс беру қортындысы бойынша облыстық мәслихаттың партиялық тізіміне ұсынылатын кандидаттар тізіміне екі үміткер ілікті.
«Nur Otan» партиясы Мақат аудандық филиалының сектор меңгерушісі Гүлшат Ерғалиеваның айтуынша, пікірсайыстың қорытындысында Сәлімжан Нақпаев 44, Айбол Долдашев 15, Абзал-Сенбі Самаликов 36, Әділбек Идиятов 30 дауыс жинаған.
Конференция барысында ауданның 2021–2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының жобасы құрылып, аудандық мәслихаттың партиялық тізіміне 24 адам бекітілді. Сондай-ақ, Атырау облыстық партия филиалының кезектен тыс 32-нші конференциясына қатысу үшін делегаттар сайланды. Жиын соңында саяси кеңес құрамына өзгерістер еңгізіліп, күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралды.
Жалпы, Мақат ауданында 1 800-ден астам партия мүшесі бар. Олар 8 бастауыш партия ұйымдарына біріктірілген.