Атырауда науқас балалар үшін жеміс ағаштары отырғызылды. Облыстық балалар ауруханасында өткен шараға «Достық үйі – қоғамдық келісім» орталығының азаматтары белсене қатысты.
Ғимарат маңына жеміс-жидек пен климатқа сәйкес келетін 60 тал орын тепті. Ұйымдастырудың басы-қасында жүрген Людмила Ли жастардың осындай игі іске атсалысқанына қуанулы.
Людмила ЛИ, «Тхоньиль-Атырау» корей этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы
Бұл – аурухана маңында ұйымдастырған алғашқы шарамыз емес. Осыған дейін балаларды қорғау мерекесінде де науқас жандарға қуаныш сыйладық. Ал бүгін жеміс ағашын егіп, аурухана аймағында серуендейтін мүмкіндік сыйлағымыз келеді. Бір қуаныштысы, шараға тек мәдени орталықтың ғана емес, басқа орталықтың жас буыны белсене қатысуда.
Енді көктемде аурухана маңынан алма, алмұрт, өрік ағаштары бүршік жарады. Ал аумақтың саялы баққа айналуы үшін ерекше күтім мен қамқорлық қажет.
Ұйымдастырушылар шараның әрі қарай жалғасатынын жеткізді. Отырғызылған шыбық мәуелі ағашқа айналса, науқас жанына тыныштық сыйлап, жемісі ағзаға азық болар сөзсіз.