Тойханалардың тоқырауы кәсіпкерлердің төзімін тауысты. Сегіз айдан бері шығынға батқан олар құны жарты миллион теңге болатын жылыту жүйесін өтей алмай әлек. Бұлай жалғаса берсе, ғимарат сыз тартып, құбырлар жарылып кетуі әбден мүмкін.
Жығылғанға жұдырық болғандай, тойға алдын ала төлем жасап қойғандар ақшасын сұрап алқымнан алып жатқан көрінеді. Кәсібі тығырыққа тірелгендер тым болмаса аз-мұз адамға той жасауға рұқсат сұрайды.
Облыс әкімдігінің алдына жиналған қауымды жауаптылар ішке енгізді. Күйінген көпшілік кафе, кинотеатр секілді нысандарға қарағанда санитария талаптарын сақтауға мейрамхананың аумағы көбірек мүмкіндік береді деп реніш білдірді. Бірақ мәселе жақын арада шешіле қоймайтын сыңайлы.
Қанат ҒАЙНЕДЕНОВ, Атырау облысының бас санитарлық дәрігері
Дәл қазіргі уақытта бұл мәселе қаралып жатқан жоқ. Рейдтік шара барысында жасырын той өткізген нысандар анықталып жатады. Соған сәйкес, біз олардан түсінік алып, жиынды тоқтатуын сұраймыз.
Жиында эпидемиологиялық ахуалдың мұндай тәуекелге баруға мүмкіндік бермейтіндігі айтылды. Дегенмен кәсіпкерлердің талабы республика көлемінде қаралмақ. Оқиғаның одан әрі қалай өрбитіні әзірге беймәлім.