Облыстағы құтқару жасағының материалдық-техникалық базасы жеткіліксіз. Мерзімі өткен машиналар мен құрал-саймандардың орны уақытында алмастырылғанымен, әлі де аздық етіп тұр. Оған дәлел – соңғы уақыттағы қызыл жалынның дер кезінде ауыздықталмауы. Әйтесе де, құтқарушылар жыл басынан бері 1500 мәрте төтенше жағдаймен бетпе-бет келіп, 140-қа жуық адамды ажалдан аман алып қалған.
Омар БЕРЖАНОВ, Атырау облысы ТЖД бастығы:
База жеткілікті. Бірақта қазіргі кезде 100 пайыз жеткілікті деп айта алмаймын. Өйткені әрбір техника, құрал-сайман, қайықтар бәрі жылма-жыл өзінің 15-20 жылдан кейін мерзімін пайдалану мерзімі өткеннен кейін біз есептен шығарамыз.
Қазір Исатай ауданында өрт сөндіру бөлімі салынып жатыр. Алдағы уақытта Индер мен Қызылқоғаны да қамту жоспарланған. Тілсіз жау тосыннан шығатындықтан құтқарушылардың қызметі қашан да қызу. Түсірілім барысында кенеттен соғылған дабылды естіген өрт сөндіруші лезде көлікке қарай ұмтылды.
19 қазан – Құтқарушылар күні. Төл мерекесінде де дамыл таппаған қызметкерлер апат орнына алғашқылардың бірі болып жететіндіктен босаңсуға болмайтынын айтады.
Данияр ҚУАНЫШ, өрт сөндіруші:
Өзіміздің тактикалық жаттығуларымыз бар норматив бойынша, жоспар бойынша шұғылданамыз. Өрт жиі болғанына байланысты кез-келген уақытта дабыл белгісі соғылған кезде өртке жөнелтілеміз. Және де біздің бүткіл құрал-саймандарымыз, өрт сөндіру жарақтарымыз дайын болуы тиіс.
Биыл – төтенше жағдайлар жөніндегі комиттеттің құрылғанына 25 жыл. Атырау облысының құрамында тәулігіне орта есеппен 75 қызметкер мен 25 техника кезекшілікке жұмылдырылады.