Түрмедегі «Сергек» бейнекамерасы кезекті қылмыстың ашылуына септігін тигізді. 15 қазан күні кешкі сағат 7 шамасында белгісіз біреулер Атыраудағы ерлер колониясына таяу келіп, қоршау сыртынан дорбаға салынған үш ұялы телефонды ішке лақтырған.
Видеодан «ВАЗ-21-14» көлігімен келген 3 азаматты анық байқауға болады. Мекеме қызметкерлерінің жедел қимылдап, полицияға хабар беруінің арқасында «сәлемшілердің» әрекеті сәтсіз аяқталды. Полиэтилен пакеттің ішінде байланысқа қажетті құралдар болған. Колония басшысының айтуынша, оларға қатысты қатаң шаралар қолға алынбақ.
Думан ТӘЖЕНОВ, УГ 157-9 мекемесінің бастығы:
Атырау қалалық полиция басқармасының көмегімен «Сергек» бейнекамералары арқылы көліктің ізін кесіп, үш азаматтың кім екені бір-екі сағаттың ішінде анықталды. Олардың үстінен ҚР Әкімшілік Кодексінің 481-бабына сәйкес іс қозғалып, материалдар сотқа жіберілді.