Еуропалық одақ Ресей билігі мен ғылыми-зерттеу институтының 6 өкіліне қарсы санкция енгізді. Оған себеп — ресей оппозиционері Алексей Навальныйдың улануы. Санкция салынғандар қатарында Федералдық қауіпсіздік қызметінің директоры Александр Бортников және РФ Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Сергей Кириенко бар. Оларға енді Еуропа елдеріне баруға тыйым салынады. Еуропалық комиссияның өкілі енгізілген шектеу шаралары туралы өзінің твиттерінде жариялап, «Химиялық қаруды тарату және пайдалану халықаралық құқыққа қайшы келеді» деген жазба қалдырған. Санкция тізіміне Ресей президентінің Сібір федералды округіндегі өкілі де енген.
Хайко Маас, Германияның Сыртқы істер министрі:
Ресей Федерациясы Алексей Навальныйға жасалған қастандық пен тыйым салынған жауынгерлік улы затты пайдаланғаны жөнінде нақты түсінік беруі керек. Олардың жауапсыздығына жәй қарап отырмайтынымызды ескерткен болатынбыз. Сол себепті де бірауыздан Еуропалық Одақ ұсынған санкцияны қолдадық.
Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Мәскеу Еуроодақ санкцияларына міндетті түрде жауап береді», — деп мәлімдеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қордың негізін қалаушы, оппозиционер Алексей Навальныйдың «Новичок» тобына жататын қауіпті заттан уланғанын Еуропалық Одақтың бірнеше еліндегі зертханалар мен химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның сарапшылары растады. Ресей болса, улану фактісін жоққа шығарып отыр.