Доссорлық Сәуен Үлекешова біраз жылдан бері тұрмыс тауқыметін бір кісідей тартып келді. Әу баста қызының денсаулығына байланысты баспана кезегінде тұрған, бірақ кейін оның ІІІ-топ мүгедегі болғаны үшін тізімнен шығарылған. Ол бір ай бұрын аудан әкімінің қабылдауына үйінің сыз тартатынын айтып, көмек сұрай барған. Кездесуде баспанасы қабырғалы пеш арқылы жылынатынын, соған байланысты соңғы үлгідегі жылыту қазандығына мұқтаж екенін айтқан еді. Жалғызбасты ананың үніне құлақ асқан аудан әкімі мәселені жылыту маусымына дейін шешу керектігін айтып, қарамағындағыларға тапсырма берді.
Жоғарыдан міндет жүктелген соң ғана қимылдаған Доссор әкімі бір ай ішінде демеуші кәсіпкерлер тауып, проблеманы әп-сәтте шешті. Біраз жылдан бері жергілікті биліктің көзінен таса келген Сәуен Жұбатқанқызы өтінішін аяқсыз қалдырмаған аудан әкіміне алғысын білдіріп, көзіне жас алды.
Сәуен ҮЛЕКЕШОВА, Доссор кентінің тұрғыны
Осы Доссор жеріне газ келгеннен бастап, пешпен отырмыз. Котель қоюға әл келмеді. Өйткені жолдасым ауырды. Қол ұшын беріп жатыр аудан әкімі, Доссор әкімі және мына кіші кәсіпкерлерге көп-көп рахметімді айтамын. Осылардың арқасында көптен бергі күткен котелым сәтті болып, бүгін міне үйім жылып жатыр. Рахмет соларға көп-көп рахметімді айтамын.
Ал бұл істі назардан тыс қалдырмаған аудан әкімі тұрғынның шаңырағына арнайы барып, атқарылған жұмысты көзбен көріп қайтты.