Самал ықшамауданы тұрғындарының әкімдікке өкпесі қара қазандай. Өйткені, 6 шақырымға созылған өткелге асфальт төселмегені былай тұрсын, өмір сүруге қажетті жағдай жасалмаған. Тұрғындардың сөзінше, жан-жақта жүргізілген жол құрылысы бұл араға келгенде құдды көзін жұмып өткендей. Сондай-ақ, жергілікті халық елеусіз қалудың екінші азабын жарықсыз көшеден тартып отыр. Жауын-шашынды күні шам орнатылмаған көшемен жаяу жүрдім дегенше жүйкем жұқарды дей беріңіз.
Бақыт ШАМ, қала тұрғыны
Тасжол керек-ақ, жауынды күні тіптен жүре алмаймыз. Балшыққа батамыз да жатамыз. Жарығы жоқ көшеде кішкентай балалармен сүрініп-қабынып жүргеніміз – жүрген. Қалада тұрамыз деуге мүлде келмейді. Тіпті, өмірдің ләззатын сезіну қиын.
Жоспар бойынша өткел бойындағы үйлер су, жарық, газ, жолмен де қамтамасыз етілуі қажет еді. Нәтижесінде, қағаз жүзінде қажеттіліктің бәрі болғанмен, іс жүзінде жылжып жатқан жұмыс жоқ.
Қазима ИЩАНОВА, қала тұрғыны
Біз №18 өткелдің тұрғындары болып әкімдікке шағым айтамыз. Өтінішімізге құлақ асуын сұраймын. Құрылыс жоспарын өз көзіммен көрдім. Онда жол салынуы керек еді. Біздің не жазығымыз бар?! Әлде бар заңдылықты тексеру үшін міндетті түрде прокурорға хабарласайық па?
Мұқтаждық болмаса, жауын кезінде далаға шығу мүлде мүмкін емес. Оған қоса, жолдың бір шетін жекеменшік базалар бекітіп тастаған. Соның кесірінен аялдамаға жету үшін бірнеше шақырым жаяу жүруге тура келетін көрінеді. Енді жергілікті билік тезірек қимылдамаса, тұрғындар алдағы жаңбырлы күндерге арнап резеңке етік сатып алуға дайын отыр.