Атырауда 7 млрд теңгеге сатып алынған 170 автобус қаңтарылып әлі тұр. Негізгі себебі – мұнайлы өңірде метан газын құятын бекеттің жоқтығы. Қалай болғанда да, жеке кәсіпкер биыл жазда несиеге алған қоғамдық көліктердің қашан тасымалға шығатынын өзі де білмейді. Әуелде бұл мәселені шенеуніктер шемішкеше шағып береміз деп уәде етіпті. Тіпті, бекеттің құрылыс жұмыстарын бір компанияның мойнына жүктеген де. Бірақ қажетті материалдардың жеткіліксіздігінен іс жарты жолда іркіліп қалған.
Қуантай ҚАЛМАН, «Ақжайық Автопарк» ЖШС директоры
Бәрін өз мойынымызға алуға тура келді. Құрылысы қарашада бітуі керек. Метан газ құю бекеті дайын болысымен, атқарушы орган автобустағы қызмет көрсетуге конкурс ұйымдастыратын болады. Содан кейін көптен күткен қоғамдық көліктер жолға шығады деп ойлаймыз.
Ал қала тұрғындары көп жағдайда автобус қатынасының жиілігіндегі ұзақтыққа шағымданады. Оған қоса, мекеме басшысы да карантин уакытында өлшеулі орын санын ғана толтырып жүрудің мүмкін еместігін айтады. Өйткені, бектілген талапты тұрғындар түсінбейтін көрінеді. Сондықтан ол таразы басын теңдей ұстап, халыққа ыңғайлы сервис жасаудан бас тартпайтынын жеткізді. Бірақ мұның бәріне метан құю бекетінің жоқтығы тұсау болып отыр.
Енді жаңа автобустар қатарға қосылса, 400 көлік жүргізуші мен 400 кондукторға бос жұмыс орны ашылатын болады.