Облыста 184 мемлекеттік қызметшінің жұбайлары кәсіпкерлікпен айналысқан. Бұл туралы Әдеп кеңесінде баяндалды. Нақтырақ айтқанда, 149 дара кәсіпкерлік, 19 шаруа қожалығы, 14 ЖШС және кәсіптің басқа да түрімен айналысатын 2 тұлға – есепте. Мұндай статистика әдетте жұбайлар арасындағы бармақбасты, көзқысты әрекеттердің болмауы үшін дайындалады. Дегенмен кеңес мүшелері мемлекеттік қызметкерлерді қыспаққа ала бермей, жай ғана қадағалап отыру керектігін айтады.
Болат ИСАҚОВ, Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің орын алу фактілері бар. Бұлардың қаншалықты расталғанын, мүдделер қақтығысының бар-жоғын мұқият қадағалап отыруы керек шығар. Алайда заңнама бойынша тыйым салғанда абай болған жөн. Көрсеткіштер жақсы, әрине, бірақ өте мұқият болу керек.
Кеңес барысында жұбайлары былай тұрсын, өз басындағы жеке мүлкін сенімгерлікке бермеген мемлекеттік қызметшілердің де бар екені жария болды. Яғни, дара кәсіпкерлікпен айналысқан және ЖШС пен шаруа қожалығы бар 11 мемлекеттік қызметкер анықталған. Осы талдаудың толық қорытындысы шыққан соң, келесі Әдеп кеңесінде мәселе ретінде қайта көтерілмек.