Атырау облысы коронавирус індетінің екінші толқынына дайындық жүргізуде. Осыған орай, өңірге республикалық қоғамдық бақылаудың маманы ахуалды тексеру үшін арнайы келді. Оның айтуынша, қоймадағы қорғаныш құралдары мен қаладағы шағын емхананың қорындағы дәрі-дәрмек 2-3 айға ғана жеткілікті.
Қазір аймақтағы мониторинг жұмыстары дәрілік препараттармен қамтылу, гуманитарлық көмек және медициналық мекемелердегі аппараттардың жұмысқа жарамдылығын қадағалау бойынша жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті қабылдаған қаулыдағы санитария нормаларын бақылау да назардан тыс қалмайды.
Саида ТАУКЕЛЕВА, республикалық қоғамдық бақылаудың координаторы
Қазір мониторинг бірнеше бағытта жүріп жатыр. Біз қаладағы ең кіші емханадағы дәрі қорының әрі кетсе 3 айға жететінін байқап отырмыз. Ал медициналық құралдар, өкпені жасанды желдету аппараты, гуманитарлық көмекпен келген концентраторлардың көп мөлшерде келгенін бәрі біледі.
Жұмыс істейтінін және жөндеудегі құралдарды барлығын көріп, танысып жатырмыз.
Қоғамдық бақылау координаторы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері 2 күн ішінде бірнеше медициналық мекемені аралап шықты. Атап айтқанда, облыстық аурухана, өңірлік балалар ауруханасы, инфекционды аурухана, емханалар және СК-Фармация мен «Геолог» емханасында орналасқан қоймалар тексерілді.