Бес құрсақ көтерген Пауза әжейге анда-санда тұрмыстағы қос қызы ғана қарайласып тұрады. Екі баласы әлдеқашан өз жолдарымен кетіпті…
Ал өзінің қолында қалған 50-ге таяған мүгедек ұлы соңғы уақытта мінез көрсететінді шығарған. Ол анасын талай рет сыртта түнетсе де, екінші топтағы жанды ешқандай емхана түрлі сылтаумен қабылдамай қойыпты.
Баласының жағдайын уайымдаған әжей жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына барып көмек сұраған. Қарияның өтініші жерге тасталмай, екінші топ мүгедегі емханаға орналастырылды.
Аталған басқармадағылар қаладағы 3 қарияның үйіне барып тәтті себеттер табыстады. Одан кейін 90-ға тарта тұрғыны бар «Қарттар үйінде» мерекелік концерт ұйымдастырды.
Серік ҚАМИДОЛЛА, Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы
Қазір біздің облысымызда, аудандарда, қалаларда ардагерлерді құрметтеу шаралары санитарлық талаптарды сақтай отырып жүргізілуде. Облысымызда 60 мыңның үстінде зейнеткер бар.Сонымен қатар, қазанның қайырымдылық айы болып белгіленуіне байланысты өңірдегі 19 мыңның үстіндегі бірінші және екінші топ мүгедектеріне бірреттік 20 мың теңге төлем төленуде.
Басқарма басшысы жыл басынан бері 20 шақты қарт әртүрлі әлеуметтік жағдаймен көмек сұрай келгенін айтты. Қазір соған қатысты арнайы орындарға хат жазылып, мәселелер қаралып жатқан көрінеді.