Жаңа туған тірі сәбиді өлілер санатында тоңазытқышқа салды деп айыпталған дәрігердің соты әлі жалғасуда. Бұл жолғы отырыс күдікті мен медициналық сараптама жасаған маманның арасында өтті.
Төлеген Көлшіков шығарған қорытынды бойынша нәрестенің өмірге келгенде өлі болмағаны анықталған. Ал перинаталдық орталықтың бұрынғы басшысы Қуаныш Нысанбаев оралдық эксперттің мәйітке медициналық құжаттарсыз зерттеу жүргізгеніне наразы.
Сарапшының өзі де мүрдені Оралға жеткізген тергеушіде ешқандай құжат болмағанын растады. Сол себепті, ол «басшылықтың тапсырмасы» деген желеумен өлім себебін анықтауға берілетін ресми қағаздарсыз-ақ өзінше зерттеу жасаған.
Қалай десек те, сәбидің дүниеге келуі мен өлуін және оның ауру тарихымен таныспай жатып қорытынды шығарған сарапшының іс-әрекетін сотталушы тарап түсіне алмады.
160-тан астам куәгері бар іске байланысты сот процесі әлі біразға созылу мүмкін.