Доссорлық Эльмира Мусина – гипстен мүсін құйып, нәпақасын тауып отырған қолөнерші. Ерекше кәсіп түрімен екі жылдан бері айналысатын шебер түрлі кәдесыйлар мен ақша жинауға арналған қобдиша жасайды.
Туысынан үйренген өнер интернет арқылы үнемі пысықталып отырғанның арқасында отбасылық кәсіпке айналып үлгерген.
Эльмира МУСИНА, қолөнерші:
Көпбалалы анамын – жеті балам бар. Отбасылық кәсібіміз осы. Балаларымызға да жақсы, бос уақытын тиімді пайдаланып, шығармашылқ қасиеттерін дамытып жатыр. Үйді әсемдеуге және бақшаға арналған мүсіндер бар. Тиын жинағыш секілді сыйлық ретінде беруге лайықты дүниелер бар.
Мүсіндерді жасау үшін алдымен белгілі бір бейнеде ермексаз дайындалады. Кейін сыртына силикон жағылып, қалыпқа айналғанша бірнеше күнге қатырылады. Сосын ішіне гипстен жасалған қоспа құйылып, кептіріледі. Әзір болған бұйымның сырты тегістеліп, талғамға қарай боялады.
Сондай-ақ, әлеуметтік кәсіпкерлік бағытында білім алған Эльмира ауданнан ұсынылған 60 жоба ішінен жалғыз өзі грант жеңіп алды. Ол кенттегі аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға тегін курстар ұйымдастыруды қолға алған. Карантин кезінде оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануды ойластырып, қазір 20 шәкіртті қолөнерге баулып отыр.
Кейіпкеріміздің тағы бір қыры – топиарий өнері. Декаративтік мүсін сомдап, жасанды газонға жан бітіру – шебердің сүйікті ісі. Сондай-ақ, ол эпоксидты шайырдан да түрлі бұйымдар жасайды. Енді ол шеберханасын қажетті құрылғылармен толтырып, ісін одан әрі жетілдіруді мақсат етеді. Алдағы уақытта алып мүсіндер жасап, өзіндік із қалдыру үшін аянбай еңбектенбек.