Атыраудағы кәсіпкерлікке байланысты ең өзекті мәселелер zoom-конференциясы арқылы талқыланды. Республика көлемінде ұйымдастырылған кездесуде Өңірлік кеңес мүшелері облыстағы қолға алынуы керек шаралардың бірқатарына тоқталды.
Соның ішінде «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағындағы қызметтердің басым бағыттарына көңіл бөлінді.
Ғибрат СӘРСЕНОВ, Атырау облысы Өңірлік кеңесінің мүшесі:
Қазіргі таңда Арнайы экономикалық аймақ аумағында 15 қатысушы тіркелген. Соның ішіндегі «Полимер Продакшн» ЖШС-нің жобасы ғана толық игерілсе, 4 жоба – іске асырылу кезеңінде. Қалғандары табанды жобаларға тікелей тәуелді. Осыған дейін арнайы экономикалық аймаққа машина жасау мен сервистік қызмет көрсететін компанияларды қосу туралы мәселе көтерілген. Алайда бұл бастама Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Энергетика министрлігінен қолдау таппады.
Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов бұл туралы министрлікке жеткізетінін айтты. Дегенмен қолдау таппаған, әлі көтеріліп келе жатқан ұсыныстар легі бұл ғана емес. Отырыста жауыр болған Жайық өзенінің де мәселесі айтылды. Су түбін тереңдету жұмыстары, балық шаруашлығы шығындарын субсидиялау секілді проблемалар талқыға салынды.
Тимур ҚҰЛЫБАЕВ, «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы:
Нормативтік-құқықтық актілер, қосалқы заң актілерден бастап ірі инвестициялық, инфрақұрылымдық жобаларға дейінгі мәселелердің барлығы маңызды екенін байқауға болады. Бизнес жобаларды іске асыруда түрлі қажеттіліктердің бары анық. Осы мәселелердің бәрін бақылауда ұстаймыз. Тиісті орындардан түйткілді проблемаларды бірге шешуді сұраймын.
Тимур Құлыбаев өз кезегінде кәсіпкерлердің сауалдары мен сұраныстарына жауап берілуін бақылауда ұстауға уәде етті.