Қыс қамсыздықты көтермейді. Қарлы мезгілдің алғашқы хабаршысы боп жететін күздің күрт суытуы желтоқсанның қалай басталатынын қазірден ұқтырғандай.
Индербор кентіндегі көпқабатты тұрғын үйлерге жылу беретін қазандықтарды талапқа сай ету жұмыстары – басты назарда. Оған жауапты пәтер иелері кооперативі қажетті жұмыстардың ойдағыдай жүріп жатқанын айтады.
Бейбіт ИЛИЯСОВ, ПИК төрағасы:
Индербор кенті басында көпқабатты 13 үйді жылумен қамтамасыз етеміз. Он үш үйдің ішінде 900-ге жуық пәтер бар. Қазір 2020–2021 жылу маусымына біздер толықтай дайынбыз. Барлық техникалық жұмыстар аяқталып, жылу қазандықтарының ішіне әрлеу жұмыстары жүруде. Жылу жүйелері тексерістен өткізілді.
ПИК төрағасының айтуынша, тұрғындар былтырдан қалған 2 млн теңгеге жуық төлемақыны әлі қайтармай жүрген көрінеді. Ал жергілікті билік аудандағы 11 балабақша, 20 білім беру, 13 денсаулық сақтау және мәдениет саласына тиесілі 12 нысан мен 67 көпқабатты тұрғын үйді үздіксіз жылумен қамтуға сақадай-саймыз деп отыр. Ол үшін бюджеттен 88 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.
Ақтілек МУСАҒАЛИ, Индер ауданы әкімінің орынбасары:
Қысқа дайындық бойынша ауданымызда бөлінген қаржының бәрі уақытылы игерілуде. Бүкіл әлеуметтік нысан жылу маусымына дайын. Сонымен қатар, 13 көппәтерлі тұрғын үйдің орталықтандырылған жылу қазандықтарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда технологиялық жұмыстарының бәрі бітіп тұр. Тұрғын үйлерге жылу беруге ешқандай кедергі жоқ. Қалған ұсақ-түйек жұмыстарды келесі айдың аяғына дейін бітіру жоспарлануда.
Сондай-ақ, биыл Көктоғай ауылында орналасқан өрт сөндіру бекетіне қосымша энергия қуатын беретін генератор мен жаңа жылыту қазандығы берілген.
Осылайша, қыстың қамын жаз ойлаған дендерліктер «кәрі құданың» қатты мінезінен қаймықпаймыз деп отыр.