CaspianLife, 16 маусым. Мақат ауданының Доссор кентінде апатты үйлерде тұрған 71 отбасы жаңа пәтердің кілтіне ие болды. Жаңа тұрғын үйлер «Болашақ» шағынауданында салынған. Әр үй екі пәтерге арналған, бөлмелері кең әрі қажетті тұрмыстық техникамен жабдықталған.
Қоныс тойын тойлағандардың басым бөлігі 1947, 1954-1959 және 1990 жылдары салынған, тозығы жеткен үйлерде тұрған. Олардың қатарында панельді көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары да бар.
Макат ауданының әкімі Азамат Мамбетов аудан бойынша апатты үйлердің ең көп саны дәл осы өңірде орналасқанын айтты. Оның сөзінше, жүзге жуық апатты нысанның, соның ішінде бес екі қабатты көппәтерлі тұрғын үйдің басым бөлігі Доссор кентінде орналасқан.
Бұл мәселені шешу мақсатында арнайы бюджет бөлініп, өткен жылы тұрғындарды көшіру жұмыстары басталған. Алты ай ішінде арнайы комиссия мемлекеттік қажеттілік үшін жер учаскелері мен апатты тұрғын үйлерді алу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізді.
Жыл соңына дейін тағы 150 отбасын апатты үйлерден көшіру жоспарланып отыр. Аудан басшылығы алдағы төрт жыл ішінде тозығы жеткен тұрғын үйлер мәселесін толық шешуді көздеп отыр.



