CaspianLife, 16 маусым. Маңғыстау облысында әлемге әйгілі актер Джеки Чанның қатысуымен түсірілетін «Құдіретті сауыт 4: Ультиматум» фильмінің түсірілімі басталды.
Түсірілім тобы өңірдің бірегей табиғи ландшафттарын пайдаланып, жұмысқа кірісіп кетті. Негізгі түсірілім алаңдарының бірі ретінде Бозжыра шатқалы таңдалған. Қазіргі уақытта 35 адамнан тұратын топ фильмнің бірнеше маңызды көрінісін түсіріп үлгерді. Жобаны Sәlem Entertainment және Dala Edge Creative Tech Park компаниялары жүзеге асыруда.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай түсірілім тобының өкілдерімен кездесіп, бастамаға қолдау білдірді. Оның айтуынша, мұндай деңгейдегі фильмнің түсірілуі өңірдің туристік әлеуетін әлемге танытып, ішкі туризмнің дамуына серпін береді. Жоба жетекшілерінің мәліметінше, Джеки Чан Маңғыстауға келесі айда келеді. Фильмнің түсірілімін биыл аяқтау жоспарланып отыр. Ал картина көрерменге 2027 жылдың ақпан айында жол тартады.

