CaspianLife, 15 маусым. Қазақстанның Энергетика министрлігі Қашаған кен орнында жылына 2,5 млрд текше метр газ өңдеуге қауқарлы жаңа газ өңдеу зауытын салу мәселесіне арналған кеңес өткізді.
Жиынға Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов төрағалық етті. Кеңеске сондай-ақ QazaqGaz, PSA консорциумы мен North Caspian Operating Company акционерлерінің өкілдері қатысты.
Ерлан Ақкенженов жобаның практикалық іске асыру кезеңіне өткенін атап өтті. Оның айтуынша, Қашағандағы екінші газ өңдеу зауытының құрылысы Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ерекше бақылауында.
Үкімет қаулысымен жобаның EPC-мердігері ретінде қытайлық компаниялар консорциумы — China National Chemical Engineering Sixth Construction Company Kazakhstan Branch және China Wuhuan Engineering Corporation Ltd анықталды.
Сонымен қатар Қашаған кен орнында жылына 1 млрд текше метр газ өңдейтін алғашқы газ өңдеу зауытының құрылысы да жалғасып жатыр.
Кеңес қорытындысы бойынша министр жобаға қатысушыларға белгіленген мерзімдерді сақтау үшін үйлесімді жұмысты қамтамасыз етуді тапсырды. Ал QazaqGaz компаниясына құрылыс барысы мен туындаған мәселелер туралы Энергетика министрлігіне ай сайын есеп беріп отыру міндеттелді.

