100 тоннадан астам бекіресі қырылып қалған кәсіпкер Атырау облыстық әкімдігін сотқа берді. Өйткені, осыдан екі жыл бұрын балықтың жаппай өлуіне себепкер болған «Атырау су арнасы» осы күнге дейін шығынын өтемеген.
Сот келтірілген залалды 1,5 млрд. теңгеге бағалап, алты айда қайтарылу керек деп үкім шығарған еді. Бірақ бүгінге дейін көк тиын да төленбепті.
Самат АҚСАМБИЕВ, «Луговой жылқы зауыты» ЖШС өкілі:
«Атырау су арнасы» облыстық әкімдіктің құзырында болған соң, олар заңға сәйкес залалды өтеуге қатысуы керек. Өйткені, «Су арнасы» да, оның қызметкерлері де мұндай соманы төлей алмайды. Жауапкершіліктің бұл мекемеде ғана емес екенін білеміз. Сондықтан облыс әкімдігінің үстінен сотқа талап арыз бердік. Сот әлі аяқталған жоқ. Енді екінші тыңдалым болады.
Бұл – хлордан зардап шеккен жалғыз мекеме емес. Кінәлілер басқа бекіре өсіру зауыттарына да өтемақы төлемеген.
Кәсіпкер шыққан шығынның орны толса, жұмысын қайта жандандырғысы келеді. Дәл уылдырық алар шағында айырылып қалған балықтарын өсіруге 7-8 жыл уақыт кеткен еді.