Жергілікті бюджеттен 50 талапкерге резидентура гранты бөлінген. Бұл туралы Атырау облыстық білім беру басқармасы баспасөз қызметі хабар таратты.
Облыс әкімі грантына өтініш берген үміткерлер тізімі Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың төрағалығымен өткен отырыста бекітілді.
Бақытгүл Хаменованың айтуынша, медициналық қызметкерлер тапшылығы – өңірдегі ең күрделі мәселелердің бірі. Қазір облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің нақты тапсырмасы бойынша жергілікті жерде медициналық мамандар жетіспеушілігін шешу мақсатында нақты қадамдар жасалып жатыр. Атап айтқанда, маусым-шілде айларында аймаққа тартылған жүзден астам маманды ынталандыру, қолдау тетіктері күшейтіліп, медицина саласына берілетін гранттар саны көбейтілген.
Облыс әкімінің грантына ие болғандар М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университеті, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті, Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Астана медициналық университеті мен Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында білім алады.