CaspianLife, 6 тамыз. Технологиялардың қарқынды дамуы, еңбек нарығындағы талаптардың өзгеруі және жасанды интеллекттің өмірдің барлық саласына кеңінен енуі Қазақстандағы мектеп білімінің мазмұнын жаңартуды қажет етті. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы педагогтердің республикалық тамыз конференциясында берген тапсырмасын орындау мақсатында басталды. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап бұл жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, кейіннен бұл бағыттағы құқықтық негіз де нығайтылды. 2025 жылдың қарашасында «Жасанды интеллект туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданса, 2026 жылдың мамырында Президенттің жасанды интеллектті орта білім беру жүйесіне енгізу туралы Жарлығы шықты.
Осы құжаттарды іске асыру аясында мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, үлгілік оқу жоспарлары және үлгілік оқу бағдарламалары жаңартылды. Соған сәйкес:
- 1–4 сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект» деп өзгертілді;
- 5–11 сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» атауына ие болды.
Бұл өзгерістер тек пән атауларын ауыстырумен шектелмейді. Жасанды интеллект цифрлық технологиялар мен информатиканың ажырамас бөлігіне айналғандықтан, оқу бағдарламаларына ЖИ-ге арналған жаңа бөлімдер енгізіліп, 43 жаңа оқу мақсаты қамтылды.
Қазіргі таңда мектеп оқушылары жасанды интеллект құралдарын күнделікті өмірде пайдаланып жүр. Ендігі мақсат – оларды бұл технологияны жай ғана қолдануға емес, оны саналы, тиімді әрі жауапкершілікпен пайдалануға үйрету.
1–4 сыныптарда «Медиасауаттылық және жасанды интеллект» бөлімі бойынша 17 оқу мақсаты енгізілген. Оқушылар жасанды интеллектпен күнделікті өмірден алынған қарапайым мысалдар арқылы танысып, цифрлық қауіпсіздік, жеке деректерді қорғау және цифрлық ортадағы жауапты мінез-құлық негіздерін меңгереді.
5–9 сыныптарда «Компьютерлік ойлау және бағдарламалау», «Денсаулық, қауіпсіздік және жасанды интеллект» бөлімдері бойынша 14 оқу мақсаты қарастырылған. Оқушылар жасанды интеллект құралдарын оқу барысында тиімді қолдануды, дұрыс сұраныс (prompt) құруды, алынған нәтижелерді сыни тұрғыдан бағалауды, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен академиялық адалдық қағидаларын сақтауды үйренеді.
10–11 сыныптарда «Деректерді басқару және жасанды интеллект» бөлімі бойынша 12 оқу мақсаты енгізілді. Мұнда жасанды интеллекттің жұмыс істеу қағидаларын түсіну және оны тәжірибеде қолдану мәселелеріне басымдық беріледі. Бағдарламаға машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау және қолданбалы криптография негіздері енгізілген.
Жаңартылған оқу бағдарламалары өткен оқу жылында сынақтан өтіп, оң сараптамалық қорытынды алды. Қазіргі уақытта олар белгіленген тәртіппен бекітілу сатысында тұр.
Сонымен қатар педагогтерге білім беру процесінде жасанды интеллектті тиімді әрі қауіпсіз пайдалану бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленіп жатыр.

