CaspianLife. 13 қараша. Қытайдың CNNC компаниясымен бірлесіп салынуы мүмкін үшінші атом электр станциясының орны ретінде Қостанай облысындағы Тобыл өзенінің жағалауы қарастырылып жатыр. Бұл туралы Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Антальяда өткен Дүниежүзілік атом апталығы аясында журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді.
«Кешенді тәсіл электр энергиясын тұтыну көлемі артып келе жатқан өңірлерден ең қолайлы алаңды таңдауды көздейді. Біз Шығыс Қазақстандағы Курчатов қаласы маңындағы алаңды, Батыс Қазақстандағы Каспий теңізінің жағалауындағы аумақты зерттеп жатырмыз. Ол көптеген фактор бойынша қолайлы. Сондай-ақ KEGOC компаниясының жүйелік операторының ұсынысымен Солтүстік Қазақстандағы, яғни Тобыл өзені бойындағы аумақты да қарастырып жатырмыз», – деді Алмасадам Сәтқалиев.
Оның айтуынша, Тобыл өзені бойындағы алаң болашақ атом реакторларын салқындатуға қажетті су көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Агенттік басшысы аталған аумақтардың барлығы әлеуетке ие екенін және Қазақстанның атом энергетикасын дамыту жөніндегі кейінгі кезеңдерде жан-жақты зерттелетінін атап өтті.
Тобыл өзені Қазақстан аумағынан бастау алып, Қостанай, Рудный және Лисаков қалалары арқылы ағып өтеді. Одан әрі Ресей аумағына өтеді.
Бұған дейін Алматы облысындағы Үлкен ауылы маңында, Балқаш көлінің жағасында қуаты 2,4 ГВт болатын алғашқы АЭС салынатыны хабарланған еді. Жобаны ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясы бастаған халықаралық консорциум жүзеге асырады. Оның құны 15 млрд долларға бағаланған. Алайда 2024 жылы сол кезде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары болған, қазір Президент Әкімшілігін басқаратын Роман Скляр жобалау және құрылыс барысында станция құны бастапқы бюджеттен 50 пайызға дейін қымбаттауы мүмкін екенін жоққа шығармаған.
Алғашқы АЭС-ті 2035–2036 жылдары іске қосу жоспарланып отыр.
Атом энергиясы агенттігінің мәліметінше, станция құрылысына 15 мың адам тартылады. Қазір шамамен 2,5 мың тұрғыны бар Үлкен ауылында құрылысқа қатысы бар жұмысшылар, инженерлер және олардың отбасы мүшелерін қосқанда 33 мың адам тұрады деп жоспарланған. Ашық дереккөздерге сүйенсек, АЭС салу туралы шешім қабылданғанға дейін ауыл халқының саны 2 мың адамға да жетпеген.
2027 жылдың соңына дейін Қазақстанда болашақ атом электр станцияларына арналған ядролық отынның стратегиялық қоры жасақталады. Онда кемінде 150 мың тонна уран сақталмақ.
Дереккөз: «Курсив»

