CaspianLife. 9 қараша. Қазақстанда мал дәрігерлерінің жалақысын едәуір көтеріп, оларға жаңа әлеуметтік кепілдіктер беру көзделіп отыр. Депутаттардың бастамасымен әзірленген заң жобасы Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданды. Құжат мамандарды әлеуметтік қолдауды күшейтуге, ветеринариялық бақылауды жетілдіруге және азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Құрылтай депутаты Серік Егизбаевтың айтуынша, қазір мал дәрігерлерінің орташа жалақысы 220 мың теңгені құрайды. Заң қабылданғаннан кейін бұл көрсеткіш екі еседен астам өсіп, 500 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.
«Қазір мал дәрігерлерінің орташа жалақысы — 220 мың теңге. Заң қабылданғаннан кейін олардың еңбекақысын 500 мың теңгеге дейін көтереміз. Бұл сомаға қосымша төлемдер де кіреді. Ветеринария саласында ғылыми жұмыспен айналысатын мамандарға кандидаттық ғылыми дәрежесі үшін жалақысына қосымша 17 АЕК, яғни 73 мың теңге, ал докторлық дәрежесі үшін 34 АЕК, яғни 143 мың теңге қосылады», — деді Серік Егизбаев.
Сонымен қатар мамандарға жыл сайын кемінде екі лауазымдық жалақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төленіп, ақылы еңбек демалысы беріледі. Заң жобасында жұмыс киіміне қатысты мәселе де қарастырылған. Оны сатып алуға бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Депутаттың айтуынша, қазір мал дәрігерлері арнайы киімді өз қаражатына сатып алады.
«Жұмыс киіміне келсек, жазғы киім жиынтығының нарықтағы бағасы 70-80 мың теңге, ал қысқы арнайы киімнің құны 200 мың теңге шамасында. Олар бұл киімді мал қораларында жұмыс істеу үшін пайдаланады. Қазір арнайы киімді өз ақшасына сатып алуға мәжбүр. Осы мақсатқа бюджеттен 1,8 млрд теңге қарастырылған», — деп атап өтті Серік Егизбаев.
Мамандарды әлеуметтік қолдаумен қатар, заң жобасы ветеринария саласының құрылымын да өзгертуді көздейді. Атап айтқанда, мал дәрігерлерінің құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғайтын ветеринариялық палата құрылады. Ал ветеринариялық препараттардың сапасы мен айналымын фармацевтикалық инспекция қадағалайды. Ветеринариялық қызметтің жұмысы, жүргізілген іс-шаралар мен мемлекеттік бақылау туралы мәліметтер бірыңғай цифрлық жүйеге жинақталады.
Азық-түлік қауіпсіздігіне қойылатын талаптар да күшейтіледі. Қоғамдық тамақтану орындарына арналған малды тек арнайы жабдықталған нысандарда союға рұқсат беріледі. Ветеринариялық сараптамадан өтпеген өнімдерді пайдалануға шектеу қойылады. Ұйымдасқан шаруашылықтарда штатта мал дәрігері болуы немесе оның қызметін келісімшарт негізінде пайдалану міндеттеледі. Ал ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізуге берілетін лицензиялар қызмет түрлеріне қарай нақтыланады.
Заң жобасы депутаттардың ұсыныстары мен ескертулерін ескере отырып, одан әрі пысықталады.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана
Фото: ашық дереккөздерден

