CaspianLife. 23 қыркүйек. Атырауда жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруға арналған Digital Qauipsizdik форумы өтті. Іс-шараға 300-ге жуық мектеп оқушысы мен студент қатысты. Форумды Атырау облысы Полиция департаменті мен облыстық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.
Жиын басталмас бұрын қатысушылар полиция департаментінің арнайы техникаларымен танысты. Оларға қызметтік көліктер мен заманауи құрал-жабдықтар көрсетіліп, мүмкіндіктері түсіндірілді. Соның ішінде іздеуде жүрген азаматтарды анықтауға және халық көп шоғырланатын орындарда ақпарат таратуға арналған роботтың жұмысы таныстырылды.
Форум аясында жастардың үздік цифрлық жобалары да көпшілік назарына ұсынылды. Олардың қатарында облыстық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған хакатонда үздік деп танылған әзірлемелер бар.
Солардың бірі – Арафат Әмірғалиев бастаған топ әзірлеп жатқан мобильді қосымша. Жоба егде жастағы азаматтарды интернет-алаяқтардан қорғауға бағытталған. Қосымша смартфонға орнатылғаннан кейін күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларды анықтап, пайдаланушыға ескерту жібереді.
Жоба жетекшісі Арафат Әмірғалиевтің айтуынша, бұл идея жеке басынан өткен жағдайдан кейін туындаған. Оның атасы алаяқтардың құрбаны болып, SMS-кодты беру арқылы шотындағы ақшасынан айырылған. Осы оқиға жастарды егде жастағы адамдарды интернет-алаяқтықтан қорғауға арналған шешім әзірлеуге ынталандырған.
Форум барысында полиция департаментінің жедел қимылдайтын арнайы жасағы да көрсетілім ұйымдастырды. Сонымен қатар цифрлық технологиялардың күнделікті өмірдегі маңызы талқыланды. Қатысушылар киберқылмыс, интернет-алаяқтық, жеке деректердің таралуы, жалған ақпарат және әлеуметтік желідегі қауіпсіздік мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, цифрлық технологиялар кеңінен қолданылатын қазіргі заманда жастардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың маңызы зор. Себебі интернеттегі қауіп-қатерден сақтану тек мамандар мен құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір пайдаланушының жауапкершілігіне байланысты.

