Алмалы елдімекенде тұратын ардагер-ұстаз Жұмақыз Тәжіғұлованың төбесінен тамшы сорғалайтын тоқал тамда тұрып келе жатқанына жарты ғасырдай уақыт өтті. Сыз тартқан үйде өмір сүріп әбден сарсаңға салынған апаның осы уақытқа дейін көмек сұрап қақпаған есігі қалмапты.
Дегенмен, жәрдемді жоғары биліктегілер емес, жергілікті тұрғындар мен ардагер-ұстаздың өз шәкірттері көрсетіп отыр. Олар Жұмақыз апаға өз ауласынан екі бөлмелі үй салып берген.
Қарт ана көмек көрсеткен кең пейілді адамдарға алғыс жаудырып, ризалығын білдірді.
40 жыл ұстаздық қызмет қылған ананың жаңа үйін салуға ауылдың азаматтары мен кәсіпкерлері де үлес қосыпты.
Айболат САХИЕВ, ауыл тұрғыны:
– Ескі баспанасын көріп тұрсыздар, бүгін-ертең құлайын деп тұрған үй . Біз жаңа үй бітіп болғанша ескі үйдің құлап қалмауын тілеп, жұмысты тезірек бітіруге тырыстық. Әр жауыннан жанын шүберекке түйіп өтетін апайдың жағдайын жақсы түсіндік.