CaspianLife, 8 қазан. Құрылтайда мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылды. Тиісті қаулы палата отырысында қабылданды.
Жаңа құрылымның міндеті – өңірлердегі мәселелерді орталыққа жеткізу ғана емес, қабылданған заңдардың жергілікті жерлерде қалай жүзеге асып жатқанын бақылау. Заң республикалық деңгейде қабылданғанымен, оның нақты нәтижесі ауылда, ауданда және қалада көрінеді. Сондықтан кеңес Құрылтай депутаттары мен мәслихат депутаттары арасында тұрақты байланыс орнатуы тиіс.
Жергілікті өкілдердің қатысуымен өтетін кеңес отырыстары бұқаралық ақпарат құралдары үшін ашық болады. Құрылтай депутаты Әмірбек Оспанбековтің айтуынша, отырыстарға журналистер міндетті түрде шақырылады.
«Біз отырыстарды ашық өткіземіз. Кеңес отырыстарына міндетті түрде БАҚ өкілдерін шақырамыз. Кездесулер жарты жылда бір рет өтіп, онда өңірлердегі ең өзекті мәселелер талқыланады», – деді ол.
Кеңес жергілікті жерлерден ұсыныстар жинаумен ғана шектелмейді. Мәслихаттар заң жобаларын әзірлеуге қатыса алады. Сонымен қатар қабылданған заңдардың өңірлерде орындалуы талданады. Өзекті мәселелер жүйеленіп, оларды шешудің нақты жолдары әзірленеді.
Осыған байланысты жаңа құрылымның не үшін қажет екені және мәслихаттар өз міндеттерін атқара алмай отыр ма деген сұрақ туындайды. Әмірбек Оспанбеков бұл пікірмен келіспейтінін айтты.
«Мәслихаттар өз жұмысын атқара алмай отыр деген сөз жоқ. Өйткені олар заң шығарумен айналыспайды. Мәслихаттар халықпен тікелей жұмыс істейді және өз өңірлерінің ерекшелігін жақсы біледі. Сондықтан бұл кеңес тұрақты әрі нақты өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін тиімді тетік ретінде құрылып отыр», – деп түсіндірді депутат.
Кеңес құрамына Құрылтай депутаттары, саяси партиялар мен мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының төрағалары кіреді.
Өңірлермен тұрақты жұмыс жүргізу үшін Құрылтайдың төрт депутатының арасынан арнайы хатшылық құрылады. Олардың әрқайсысына бес өңірден бекітіледі.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана

