CaspianLife, 7 қазан. Ақтауда «МАЭК» кәсіпорны жылу энергиясының тарифін 1 Гкал үшін 4 321 теңгеден 7 306 теңгеге дейін көтеруді ұсынып отыр. Жылу және су тарифтерін өзгерту жобасы қоғамдық тыңдауда талқыланды. Оған Табиғи монополияларды реттеу департаментінің өкілдері, кәсіпорын мамандары және қала тұрғындары қатысты.
«МАЭК» тарифтерді қайта қарауды өндірістік шығындардың өсуімен, ең алдымен, табиғи газ бағасының қымбаттауымен түсіндіреді. 2025 жылдың 1 шілдесінен 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін жылу өндіруге пайдаланылатын газдың бағасы 39 пайызға өскен. Тағы бір себеп – негізгі жабдықтардың тозу деңгейінің 82 пайыздан асуы.
Жобаға сәйкес, ауыз судың тарифі 411 теңгеден 525 теңгеге дейін, ыстық судың бағасы 180 теңгеден 231 теңгеге дейін, ал техникалық судың тарифі 107 теңгеден 123 теңгеге дейін өсуі мүмкін.
«МАЭК» ЖШС бас директорының орынбасары Аманжол Оразғалиев тарифтің өсуіне негізгі әсер ететін фактор газ екенін атап өтті.
«Тарифке шешуші әсер ететін – газ. Баға өзіндік құнға сәйкес болуы үшін бүгін тарифті көтеруге мәжбүрміз. Қазіргі таңда жылу тарифі 4 321 теңгені құрайды, ал біз сұрап отырған тарифті 7 306 теңгеге дейін көтеруді ұсынып отырмыз», – деді ол.
Қала тұрғындары қызмет сапасы жаңа тарифке сәйкес болған жағдайда ғана жоғары баға төлеуге дайын екенін айтты.
Қоғамдық тыңдауға қатысқан Фарид Кинаятов ай сайын бөтелкедегі су сатып алуға 40 мың теңге жұмсайтынын айтып, тарифті көтерудің негізділігіне күмән келтірді.
«Егер судың сапасы шынымен жақсарса, ай сайын бөтелкедегі су сатып алуға жұмсайтын 40 мың теңгені «МАЭК»-ке төлегенім дұрыс. Бірақ тұтынушыларға судың сапасы жақсаратынына қандай кепілдік бересіздер? Екінші сұрағым: өздеріңіз көрсеткен слайдта 2021-2024 жылдар аралығында өндірістік қуаттардың 33 пайызға төмендегені көрсетілген. Өндіріс көлемін 33 пайызға азайттыңыздар, бірақ соған қарамастан жыл сайын тарифтерді көтеріп келесіздер. Мұның логикасы қайда?» – деді ол.
Кәсіпорынның мәліметінше, 2021 жылдан 2026 жылдың алғашқы жеті айына дейін жылу энергиясы мен су өндіруге жұмсалған жалпы шығын 31,2 млрд теңгені құраған. Оның 14,2 млрд теңгесі жылу энергиясын өндіруге, 12,3 млрд теңгесі ауыз су өндіруге жұмсалған.
«МАЭК» тарифтерді қайта қарау аталған шығындарды өтеуге және жылу мен сумен жабдықтау жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп есептейді.
Тарифтердің түпкілікті мөлшері реттеуші органның қарауынан кейін бекітіледі.
Аружан СИСЕНОВА, Ақтау
Фото: ekaraganda.kz

