Caspianlife, 6 қазан. Қазақстанның Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына қатысты іс бойынша қамауға алынды. Бұл туралы ІІМ-ге сілтеме жасап Kazinform хабарлайды. Оған қызметіне салғырт қарады деген айып тағылып отыр.
Ведомство ұстау операциясын әскери-тергеу бөлімшесі жүргізгенін нақтылады:
«ІІМ әскери-тергеу бөлімшесі Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табу дерегі бойынша қылмыстық істі тергеу аясында, қызметіне салғырт қарағаны үшін ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы, 1-рангты капитанды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады».
Сот оны қамауға алуға санкция берді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Бұған дейін Президент Қорғаныс министрлігінің үш басшысын қызметінен босатқан болатын.
Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте «Хазар қорғаны — 2026» оқу-жаттығуында болды. Оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райы күрт бұзылып, әскерилерді теңізге ағызып әкеткен. Іздестіру операциясының қорытындысы бойынша 14 адамның қаза тауып, үшеуінің аман қалғаны хабарланды.
Оқиғаның себептерін анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылды. Оны Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды. Президент көңіл айтып, қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетуді тапсырды, сондай-ақ Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру жүргізуді бұйырды. 25 қыркүйекте елімізде жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.
27 қыркүйекте Дәурен Қосанов қорғаныс министрі қызметінен босатылып, бұл лауазымға Айдос Мырзахметов тағайындалды. Қауіпсіздік Кеңесінің аппаратына армияны реформалауды үйлестіру, ал Жоғары аудиторлық палатаға Қорғаныс министрлігінің бюджет қаражатын қалай жұмсағанын тексеру тапсырылды. 5 қазанда ЖАП төрағасы Әлихан Смайылов Президентке жоспардан тыс аудиттің барысы туралы есеп берді.
Қорғаныс министрлігін тексерудің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша 13 қылмыстық іс қозғалды.
Дереккөз және фото: Kazinform

