Caspianlife, 5 қазан. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі Иркутск облысынан елімізге аса қауіпті инфекцияның келу қаупі төмен екенін мәлімдеді. Министрлік жағдайды бақылауда ұстап отыр және «оба» диагнозы ресми түрде расталмағанын атап өтті. Эпидемиологиялық тергеуді ресейлік мамандар жүргізуде.
БАҚ хабарлаған жағдай Иркутск облысының Шелехов ауданында болған: онда 28 жастағы әйел қайтыс болды. Алдын ала мәліметтер бойынша, өлімге этиологиясы белгісіз пневмония себеп болған. Онымен байланыста болған 197 адам медициналық бақылауға алынды. Олардың ешқайсысынан ауру белгілері табылған жоқ, зертханалық сынамалар теріс нәтиже берді. Роспотребнадзордың мәліметінше, Иркутск, Иркутск облысы және Шелеховтағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты.
Қазақстанда да эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді. Барлық көлік түрлерінде дене қызуы көтерілген немесе қауіпті инфекция белгілері бар жолаушылар анықталған жоқ.
М.Айқымбаев атындағы Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының бас директоры Зәуреш Жұмаділова қазақстандықтарға үндеу жасады:
«Құрметті қазақстандықтар, Денсаулық сақтау министрлігі Ресей Федерациясының Иркутск облысындағы жағдайдан хабардар, ол жақта БАҚ-та аса қауіпті инфекцияға қатысты бірнеше хабарлама тараған болатын. Азаматтарымыздың белсенді халықаралық байланыстарын – көші-қон, туризм және іскерлік байланыстарын ескере отырып, қолайсыз елдерден қауіпті аурулардың келуі мен таралу мәселесі біздің тұрақты бақылауымызда».
Оның айтуынша, егер шетелге сапардан кейін ауру белгілері пайда болса, уақытылы медициналық көмекке жүгініп, дәрігерге болған орны мен уақыты туралы міндетті түрде хабарлау қажет.
«Егер сапардан кейін сізде ауру белгілері пайда болса, уақытылы медициналық көмекке жүгініп, дәрігерге шетелде болған орныңыз бен уақытыңыз туралы міндетті түрде айтуыңыз керек. Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарға тек ресми ақпаратқа сенуді ұсынады».
Денсаулық сақтау министрлігі дүрбелеңге түспеуге және тек тексерілген ресми дереккөздерге сүйенуге шақырады.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана
Фото: zakon.kz

