APEC РetroTechnic – талапкерлер үшін онлайн тестілеу ұйымдастырған республикадағы жалғыз колледж. Қабылдау комиссиясына мыңдаған адам өтініш білдіріп, 777-сінің жолы болды. Ал алты педагог бір күнде 60 шақты абитуриентке тестілеу жүргізді.
Колледж басшысының сөзінше, оқуға қабылдау жұмыстары да санитария қауіпсіздігін сақтау мақсатында бейнежазба арқылы өткен.
Жаңабек ЖАРЫЛҒАСЫНОВ, APEC РetroTechnic жоғары колледжінің директоры:
– Тестілеу кезінде педагогтардан бөлек екі адам бақылаушы ретінде қатысты. Сынақ барысында компьютерде жасалған әр жұмыс экран жазбасы арқылы жүргізіліп, фейсбукте көрсетілді. Оны тексеруге бөлек мамандарды тарттық. Сын сағатта мәселелелерге де тап болдық. Кейде интернет нашарлап, жарық сөніп қалып жатқандықтан тестілеу күндерін ауыстыруға тура келді.
Тестілеу барысында ереже бұзған 61 талапкер сынақтан шеттетілді. Ал жалпы қорытынды бойынша 450 адам қабылданды. Оның 300-і грантқа түссе, 150-іне ақылы оқу бұйырды. Мұндағы студенттер алты мұнай-газ және екі IT бағытындағы мамандықтар бойынша оқытылады.