CaspianLife, 19 тамыз. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында студенттерді оқуға түскеннен бастап диплом алғанға дейінгі негізгі процестердің барлығын бірыңғай жүйеге біріктіру жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
«Қазірдің өзінде ҰБТ сертификаты eGov жүйесінде қолжетімді, AI-прокторинг және AI-Talapker іске қосылды. Студенттер мен түлектер туралы негізгі мәліметтер Жоғары білім берудің бірыңғай платформасында қалыптастырылады. Келесі кезең – білім беру процесіне жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді енгізу. Олардың қатарында AI-Admission, AI-Onboarding, жеке білім беру траекториясы, цифрлық құзыреттер профилі, AI-Library, AI-психолог және AI-Career бар», – деді министр.
Оның айтуынша, бұл бағытқа қажетті базалық инфрақұрылым қазірдің өзінде қалыптастырылған. AI-Sana бағдарламасы аясында 440-тан астам жасанды интеллект агенті әзірленді. Ал алдағы оқу жылында бағдарламаның үшінші және төртінші кезеңдерін жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Саясат Нұрбек 2024 жылдан бастап жатақханадан орын беру қызметі Smart Data Ukimet жүйесінің Жоғары білім берудің бірыңғай платформасымен интеграциялануының арқасында проактивті форматқа көшірілгенін еске салды. Бұл студенттің жатақханадағы орынға қажеттілігін автоматты түрде анықтауға мүмкіндік берді.
«Скоринг жүргізіледі, жатақханаға мұқтаж студенттердің тізімі қалыптастырылады, өтініш автоматты түрде жасалады. Шешім қабылданғаннан кейін студентке хабарлама жіберіледі. 2025 жылы осы жүйе арқылы 48 282 проактивті қызмет көрсетілді. Бұл жүйе әкімшілік жүктемені азайтып, адами фактордың ықпалын барынша төмендетеді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі.
Дереккөз: zakon.kz

