CaspianLife, 29 қыркүйек. Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдерді құттықтауды міндетке айналдырмауға шақырды. Қазақстанда 5 қазан, әлемнің көптеген елдеріндегідей, Халықаралық мұғалімдер күні ретінде атап өтіледі. ЮНЕСКО бұл күнді 1994 жылы бекіткен.
Ведомствоның мәліметінше, бұл күні мұғалімге гүл сыйлау — жақсы дәстүр. Алайда ол оқушылар арасындағы жарысқа немесе ата-аналарға қосымша шығын келтіруге себеп болмауы керек.
«Бастысы — гүл шоғының көлемі мен бағасы емес, баланың мұғалімге деген құрметі. Сондықтан гүл сыйлау туралы шешім әр баланың және оның ата-анасының ерікті таңдауы болуы тиіс. Білім беру ұйымдары гүл немесе сыйлық сатып алуға бастамашы болмауы, ақша жинауды ұйымдастырмауы және мұндай міндетті ата-аналарға жүктемеуі керек», — делінген министрлік хабарламасында.
Министрлік гүл шоғының орнына ұстазға алғыс білдірудің басқа да жолдарын ұсынды. Мысалы, оқушылар мұғалімге арнап алғыс видеосын түсіре алады. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде ұстазы туралы фото, видео немесе жылы лебіздерін жариялауға болады.
Басқа елдерде де педагогтер мен тәлімгерлерге алғыс білдіру үшін гүл, ашықхат және оқушылардың өз қолымен жасаған сыйлықтарын тарту ету дәстүрі бар.
Сонымен қатар конвертке ақша салу, сыйлық карталарын, ақылы кешкі ас немесе ойын-сауық шараларын сыйлау ұсынылмайды.

