CaspianLife, 28 қыркүйек. Маңғыстау облысында ер адам Ыбықты сай шатқалындағы терең жарыққа құлап, өздігінен шыға алмай қалған. Құтқарушылар арнайы жабдықтардың көмегімен оны тар жартасты қуыстан алып шықты. Оқиға Ақтау қаласынан шамамен 65 шақырым жерде болған.
Зардап шеккен адам шұғыл түрде облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Бұл туралы аурухананың баспасөз хатшысы Жұлдызай Қалиева мәлімдеді.
«Науқасқа бас-ми жарақаты, омыртқаның кеуде бөлігінің сынуы және өкпе жарақаты диагнозы қойылды. Нейрохирургтер бел омыртқасына транспедикулярлық фиксация жасау операциясын жүргізді. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы дәрігерлердің тұрақты бақылауында», — деді Жұлдызай Қалиева.
Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті тұрғындар мен туристерге таулы және жетуі қиын аумақтарда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертті. Мамандар маршруттың күрделілігін алдын ала бағалап, қауіпті учаскелерге жақындамауға шақырады.
Аружан СИСЕНОВА, Маңғыстау облысы

