CaspianLife, 17 қыркүйек. Ақтөбе облысының Алға қаласында саяжай аумағында ірі өрт шықты. Қызыл жалын 21 үйді шарпыған. Алдын ала мәлімет бойынша, өрт бау-бақша серіктестіктерінің аумағындағы қураған шөптің тұтануынан басталып, кейін саяжай құрылыстарына тараған.
Өрттен зардап шеккен 21 нысанның жетеуі маусымдық саяжай болса, 14-і қараусыз қалған құрылыстар.
«Саяжайларда 23 ұжым бар, оның 14-інде жұмыстар жүргізіледі. Яғни аумақтың 40 пайызы қараусыз қалған. Өрт қураған шөптің тұтануынан шыққан. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен техникасы жұмылдырылып, өрт толық оқшауланды», – деді Алға қаласының әкімі Жандарбек Бақытжанұлы.
Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті атқарушы органдар, полиция және жедел медициналық жәрдем қызметінің 85-ке жуық маманы мен 20-дан астам техникасы тартылды.
«Қатты қорқып кеттік. Көрсеткен көмегі мен жедел жұмысы үшін баршаңызға шын жүректен алғыс айтамыз», – деді жергілікті тұрғындар.
Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында өрттің одан әрі таралуына жол берілмей, 34 саяжай үйі аман алып қалынды.
Қазіргі таңда өрт толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Келтірілген материалдық шығын көлемі анықталып жатыр.
Мамандар саяжай аумақтарын қураған шөптен уақытылы тазалап, учаскелерді қараусыз қалдырмаудың маңыздылығын ескертеді.
Камшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы

