Атыраулық ескекшілер суға қайта шықты. Олар карантиндегі ұзақ уақыт үзілістен кейін жаттығу жұмыстарына кіріскеніне қуанышты.
Байдарка мен каноэде ескек есу кез келген спорт түрі секілді жүйелі жаттығуды талап етеді. Ал белестерді бағындыру жолында карантин де кедергі болмауы тиіс.
Тимур БАКИРОВ, ескекші:
– Өзімізді қалыпта ұстау үшін аптасына 4 рет жүгіріп, осынша рет велосипед тебуді әдетке айналдырдық. Шыны керек, карантин аздап әлсіретіп жіберді. Енді бұрынғы қалыпқа келуге тырысып жатырмыз.
Карантинге дейін әр секцияда 40 адам жаттыққан. Қазір олардың саны екі есеге дейін азайыпты. Болашағынан үміт күттіретін әрі ішіндегі ең жасы Илья Аристов – бар болғаны 12-де. Дәл осы кезеңде спортшының икемі мен қабілеті анық байқалады. Ильяның жетістіктері жаман емес. Былтыр Ақтөбедегі байқаудан бас жүлдені еншілеген жеткіншек бұл спорт түрінің басқаларына қарағанда едәуір қызық екенін айтады.
Николай БОГАЧКИН, байдарка мен каноэде ескек есуден облыстың аға жаттықтырушысы:
– Әзірге эпидемиялық жағдайға байланысты республика көлемінде байқау өткізу жоспарланбаған. Бірақ жаттығуларды тоқтатпаймыз. Жыл соңына дейін кем дегенде екі чемпионатқа қатысамыз деген үмітіміз бар.
Бұл спорт түрінен алғашқы ел біріншілігі осыдан 70 жыл бұрын Атырауда өткізілген. Бүгінде байдарка мен каноэ есуге қызығушылардың саны артып келеді.