CaspianLife, 13 тамыз. Қазақстанда 589 дәрі-дәрмектің бағасы төмендеді. Негізінен инфекциялық, жүрек-қан тамырлары және асқазан-ішек жолы ауруларын емдеуге қолданылатын препараттардың құны арзандаған.
Республика бойынша барлығы 2555 дәрі атауының бағасы тексерілген. Оның ішінде 1257 препараттың бағасы өзгеріссіз қалған.
Мәселен, «Зитмак 250 мг №6» препаратының бағасы 24,25%-ға, «Цефтриаксон 1 г» – 22,03%-ға, ал «Пантап 20 мг №14» препараты 20,1%-ға арзандаған.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Сұлушаш Қуанғалиеваның айтуынша, фармацевтикалық өнімдердің нарықтағы бағасына мониторинг дәрі-дәрмектерді таңбалау жүйесі арқылы жүргізіледі.
«Бұл платформа дәрілік заттардың медициналық ұйымдар мен дәріханалардағы қозғалысы мен қолжетімділігін бақылауға, сондай-ақ нақты бағаны мемлекет белгілеген шекті деңгейлермен салыстыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жүйе фармацевтикалық нарықтағы өзгерістерді анықтап, нақты бағаларды рұқсат етілген шекті бағалармен салыстыруға көмектеседі», – деді ол.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында дәрі-дәрмектердің шекті бағасын 6 реттен асыру фактісі анықталған. Заң бұзғандарға жалпы сомасы 1,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
Дәрі-дәрмектің бағасын Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы тексеруге болады. Онда препараттың өндірушісі мен дистрибьюторы, дәрі сатылатын дәріхана, сондай-ақ оның шекті бағасы көрсетілген.
Альбина ІЗГАЛИЕВА

