Caspianlife, 13 тамыз. Атырау мұнай өңдеу зауытына қатысты бәсекелестік заңнамасын бұзу туралы іс қазір кассациялық сотта қаралып жатыр. Бұған дейін ведомство 2021–2023 жылдар аралығында зауыттың шикізатты өңдеу тарифтерін негізсіз көтергенін анықтаған. АМӨЗ бұл шешіммен келіспей, сот тәртібімен шағымданған. Бұл туралы ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Әсел Әдиева мәлімдеді.
Департаменттің бақылауында сұйытылған мұнай газын бөлу мәселесі де бар. Талдау барысында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының отынды бөлу кезінде монополияға қарсы заңнаманы бұзғанына қатысты белгілер анықталған. Осы факті бойынша қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр.
«NNC Group» ЖШС-не қатысты сот процесі де жалғасуда. Компанияның мемлекеттік сатып алу кезінде картельдік келісімге қатысқаны анықталған.
«Департамент тарапынан аталған ЖШС-ке қатысты іс қозғалып, сотқа жолданды. Нәтижесінде 92 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар 403 мың теңге мөлшеріндегі монополиялық кірісті мемлекет пайдасына тәркілеу туралы шешім қабылданды», – деді Әсел Әдиева.
Бұдан бөлек, облыстық денсаулық сақтау басқармасына жүргізілген тексеру нәтижесінде жеке медициналық ұйымдардың гистологиялық зерттеулер нарығына кіруіне шектеу қойылғаны анықталған. Осыған байланысты басқарма басшысына 825 мың теңгеден астам айыппұл салынды.
Жыл басынан бері департамент 42 мемлекеттік орган мен мемлекеттік кәсіпорынның қызметін тексерген. Тексеру қорытындысы бойынша 4 нұсқама беріліп, қазіргі уақытта анықталған заң бұзушылықтардың барлығы жойылған.
Альбина ІЗГАЛИЕВА

