Caspianlife, 7 тамыз. Атырау мұнай өңдеу зауытында кадрлық өзгеріс болды: кәсіпорынның жаңа бас директоры болып Мұратжан Мұсайбеков тағайындалды. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның ресми сайтында хабарланды.
Мұратжан Мұсайбеков әр жылдары «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жүйесінде түрлі жауапты қызметтерді атқарған. Атап айтқанда, ол ҚМГ-ның мұнай өңдеу және мұнай-химия жобаларын іске асыру жөніндегі директоры, мұнай өңдеу жөніндегі басқарушы директор, «ҚМГ – өңдеу және маркетинг» АҚ бас директорының орынбасары, сондай-ақ «KPI Inc.» ЖШС басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметтерінде жұмыс істеген.
Бұдан бөлек, мемлекеттік және жеке сектордағы ұйымдарда да еңбек еткен.
Айта кетейік, бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауытын Қуаныш Бишімов басқарған болатын. Оның өкілеттігі «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС қатысушыларының кезектен тыс жалпы жиналысының шешімімен мерзімінен бұрын тоқтатылды.

