CaspianLife, 6 тамыз. Атырау облысында судағы қауіпсіздік талаптарын бұзған 90 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға жалпы сомасы 1,3 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облысы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Айбек Құспанғалиев мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, жыл басынан бері облыстың су айдындарында 10 адам қаза тапқан, оның үшеуі – бала. Ал шомылу маусымы басталғалы 9 адам суға кеткен, олардың екеуі – кәмелетке толмағандар.
Қазіргі таңда су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күн сайын 80-ге жуық қызметкер полиция, жергілікті атқарушы органдар, еріктілер және қоғам белсенділерімен бірлесіп рейдтік-патрульдік жұмыстар жүргізуде. Осы уақытқа дейін 2700-ден астам рейд ұйымдастырылып, 6805 тұрғынға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілген.
Бүгінде облыс аумағында шомылуға тыйым салынған 116 қауіпті учаске анықталған. Бұл орындарға 224 тыйым салу белгісі мен 9 ақпараттық стенд орнатылған. Атырау қаласында ресми түрде 5 жағажай жұмыс істесе, аудандарда әзірге ресми жағажайлар ашылмаған.
Сонымен қатар биыл құтқарушылар суға кету қаупіне ұшыраған үш баланы аман алып қалған.
Брифинг соңында Айбек Құспанғалиев тұрғындарды тек рұқсат етілген жағажайларда шомылуға, балаларды су жағасында қараусыз қалдырмауға және судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Дереккөз: Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

