CaspianLife, 5 тамыз. Соңғы үш жылда Атырау қаласындағы жоғары оқу орындарын мемлекеттік білім гранты есебінен 1489 түлек аяқтап, жас мамандар қатарына қосылды. Алайда олардың 269-ы гранттық міндеттемесін орындамаған.
«Қаржы орталығы» АҚ-ның мәліметінше, қазіргі таңда 260 іс бойынша талап қою алдындағы және талап қою жұмыстары жүргізілуде. Тағы 3 түлекке қатысты азаматтық іс қозғалған. Ал 6 түлекке қатысты сот шешімі шығып, олар оқу шығындарын мемлекетке қайтарып, айыппұл төлеуге міндеттелген.
Қолданыстағы талаптарға сәйкес, мемлекеттік грант есебінен білім алған түлектер оқуын аяқтаған жылдан кейінгі қыркүйек айына дейін жұмысқа орналасып, бұл туралы «Қаржы орталығын» хабардар етуі тиіс. Егер түлек жұмысқа орналаса алмаса, тұрғылықты жеріндегі мансап орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркелуі қажет.
Сонымен қатар мына санаттағы азаматтар грантты өтеу міндетінен босатылады:
- I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар;
- жүкті әйелдер;
- үш жасқа дейінгі баласы бар ата-аналар;
- мемлекеттік бюджет есебінен оқуын әрі қарай жалғастырған азаматтар.
2023 жылдан бері Атырау жоғары оқу орындарын тәмамдаған 8 түлек мемлекет алдындағы міндеттемесін толық орындаған. Ал 882 түлек жұмысқа орналасып, қазіргі уақытта грант бойынша міндетті еңбек өтеу мерзімін өтеп жатыр.
(Дереккөз: Caspian News)

