Caspianlife, 4 тамыз. Грузияның Кулеви портындағы мұнай өңдеу зауыты 2026 жылдың тамыз-қыркүйек айларынан бастап тек ресейлік емес шикізатпен – қазақстандық және ливиялық мұнаймен жұмыс істейтін болады. Бұл туралы Black Sea Petroleum (BSP) компаниясына сілтеме жасап, Интерфакс-Қазақстан агенттігі хабарлады.
BSP мәліметінше, зауыт 2026 жылдың шілде айында қазақстандық мұнайды қабылдап, өңдеуді бастаған және бұл тәжірибе тамыз айында да жалғасады. Сонымен қатар, компания 3 шілдеде атауы жарияланбаған халықаралық серіктеспен Ливия мұнайын жеткізу жөнінде келісімшартқа қол қойған. Ливиялық мұнай зауытқа 20–30 тамыз аралығында жеткізіледі. Келісім 2027 жылдың соңына дейін жасалып, кейін ұзарту мүмкіндігі қарастырылған.
Компанияның хабарлауынша, жаңа шикізатқа көшу жеткізілім көздерін әртараптандыру жөніндегі бұрын бекітілген жоспардың бір бөлігі болып табылады.
«Компания шикізат көздерін әртараптандыру жоспарын іске асыруды жалғастырып жатыр. Еуропалық комиссиямен және өзге де құзырлы мекемелермен тығыз ынтымақтастық орнатып, жоспардың орындалу барысын нақты әрі тексеруге болатын дәлелдермен растап келеді. Бұл шаралар зауыттың толықтай ресейлік емес шикізатқа бірқалыпты көшуін және өндірістің үздіксіз әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған», – деп мәлімдеді BSP.
Еске салсақ, компания бұған дейін 24 шілдеде ресейлік мұнайды өңдеуді 2026 жылдың қыркүйек айының басына дейін толық тоқтататынын хабарлаған болатын. Бұл шешім Еуропалық одақтың алдын ала енгізген санкцияларына байланысты қабылданған.
Аталған санкциялар 23 шілдеде енгізіліп, ресейлік мұнайды пайдаланатын мұнай өңдеу кәсіпорындарын қамтиды. Кулеви зауыты да осы тізімге енгізілген. Алайда шектеулер 2027 жылғы 25 қаңтардан бастап күшіне енеді. Осы уақытқа дейін кәсіпорын жеткізілім тізбегін толық қайта құруы тиіс.
Еурокомиссияның мәліметінше, Ресейге қарсы қабылданған ЕО-ның 21-санкциялар пакеті аясында зауытты санкциялық тізімге түпкілікті енгізу туралы шешімді Еуропалық одақ кеңесі комиссияның бағалау қорытындысынан кейін қабылдайды.
Айта кетейік, 2 шілдеде BSP компаниясы ресейлік мұнай импортынан 2026 жылдың тамыз-қыркүйек айларынан бастап бас тартатынын жариялаған еді. Сол кезде зауыт түрікмен және қазақстандық мұнайға көшетіні айтылған болатын.

