Индер ауданында көпбалалы отбасыларға жаңадан беріліп, артынша төбесінен су кеткен «Ару ана» тұрғын үй кешенінің шатыры қайта жөнделіп жатыр.
Жеке кәсіпкер өз қаражатына салынған әр баспананың құнын 14 млн-ға бағалап, 45 пәтерді жергілікті билікке 630 млн теңгеге сатқан еді. Бірақ кейін шатыры сын көтермей, тұрғындардың наразылығын тудырды.
Енді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жөнінде «Адалдық алаңы» республикалық жобалық кеңсесінің жетекшісі Төлеген Байғұловтың ауданға сапары кезінде белгілі болды. Елордадан келген қонақтар Индердегі құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Төлеген БАЙҒҰЛОВ, республикалық «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі:
– Көпбалалы аналарға үй беріліпті. Соның сапасы, сырттағы балалар ойнайтын алаңы бар ма, жол қалай салынып жатыр, мектептер мен балабақшалардың жағдайы – осының бәрін қарап жатырмыз. Негізгі, көпбалалы аналарға берілген үйлердің төбелерінен су ағып, тұрғындардан арыз түскен еді. Сол бойынша тескеріс жүргіздік.
Кейін «Көктем» мөлтекауданының шығыс жақ бөлігінде жаңадан бой көтеріп жатқан тұрғын үй кешенінің құрылысымен де танысты. «Адалдық алаңының» жетекшісі мұндағы құрлысшыларға ең алдымен сапа мәселесіне назар аударуға кеңес берді.
Өткен жылы ауданда құны 5 млрд 500 млн теңге болатын 21 құрылыс нысаны қолға алынса, оның тоғызы осында орналасқан. Нақтырақ айтсақ, 48 пәтерлі төрт тұрғын үй мен 80 пәтерлік бес қатарлы бір үйдің құрылысы Индерде жүргізілуде.
Елордадан келген жоба мүшелері басқа да әлеуметтік бірнеше нысанда болып, жасалып жатқан жұмыстармен танысты.