CaspianLife, 30 шілде. «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқармасының шешімімен және Өңірлік кеңестің келісімі бойынша Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры лауазымына Нұржан Мақсотұлы Ермұханов тағайындалды.
Жаңа басшыны ұжымға «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Мұратбек Маханов таныстырды. Ол Нұржан Ермұхановтың кәсіби тәжірибесі өңірлік палатаның жұмысын нығайтуға, кәсіпкерлер қауымдастығымен өзара іс-қимылды күшейтуге және бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Мұратбек Махановтың айтуынша, бұл шешімді қабылдау кезінде Нұржан Ермұхановтың мол басқарушылық тәжірибесі мен өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі ескерілді.
«Нұржан Ермұханов Атырау қаласы әкімінің орынбасары және қала әкімінің міндетін атқарушы қызметтерін атқарған кезеңде облыс орталығының сәулеттік келбетін жақсартып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасаумен қатар, шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөліп, инвестициялық жобаларға қолдау көрсетті. Осы тәжірибесі оның Кәсіпкерлер палатасының директоры лауазымына шақырылуына негіз болды», – деді Мұратбек Маханов.
Нұржан Ермұхановтың кандидатурасын Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшелері бірауыздан қолдады. Жаңа директорды тағайындалуымен құттықтаған кеңес мүшелері оған табысты әрі нәтижелі жұмыс тілеп, сындарлы ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді және бірінші кезекте назар аударуды қажет ететін бірқатар өзекті мәселелерді атап өтті.
Өз кезегінде Нұржан Ермұханов көрсетілген сенім үшін Ұлттық палата басшылығына және Өңірлік кеңес мүшелеріне алғысын білдіріп, алдағы жұмысты бизнес қауымдастығымен тығыз ынтымақтастықта жүргізетінін айтты.
Нұржан Мақсотұлы Ермұханов 1976 жылғы 7 тамызда Атырау қаласында дүниеге келген. Филология, экономика және менеджмент салалары бойынша бірнеше жоғары білімге ие, сондай-ақ мұнай-газ ісі бойынша магистр дәрежесін алған. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистранты.
Еңбек жолын 1994 жылы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастаған. Бір жылдан кейін Атырау қаласында балаларға арналған алғашқы жекеменшік тегін спорт залын ашып, онда әлемдік деңгейдегі жарыстардың жеңімпаздары мен чемпиондары тәрбиеленді. Кейін кәсіпкерлік және мемлекеттік басқару салаларында еңбек етті.
Әр жылдары Атырау қаласы әкімінің аппаратында, Атырау облысы әкімдігінің мұнай-газ кешені, сыртқы экономикалық байланыстар және инвестициялық саясат басқармасында, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында қызмет атқарды. Мұнай-газ және құрылыс салаларындағы кәсіпорындарды басқарды, «KAZKA» кәсіпкерлер қауымдастығының мүшесі болды, Германия, Түркия және Қытайда өткен халықаралық көрмелер мен бизнес-форумдарға қатысты.
Сондай-ақ Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, VII шақырылымдағы Атырау облыстық мәслихатының депутаты, Атырау қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. Соңғы тағайындауға дейін Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық пікірді зерттеу орталығын басқарды. Еңбек жолының барлық кезеңінде қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып келеді.

