CaspianLife, 28 шілде. «Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы Атырау облысындағы ірі кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесіп, өндірісті цифрландыру, инженерлік кадрлар даярлау және мұнай-газ саласын дамытуға қатысты ұсыныстарын таныстырды.
Алғашқы кездесу Атырау мұнай өңдеу зауытында өтті. Қазақстандағы алғашқы мұнай өңдеу кәсіпорны саналатын зауыт бүгінде жылына 5,5 млн тоннаға жуық мұнай өңдеп, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр.
Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлері өндірісті автоматтандыру, цифрлық технологияларды енгізу және техникалық мамандар даярлау мәселелерін көтерді. Партия бұл бағыттарды экономиканы жаңғыртудың маңызды бөлігі деп санайтынын жеткізді.
«Атырау – еліміздің энергетикалық жүрегі. Сондықтан энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету партияның сайлауалды бағдарламасындағы он негізгі басымдықтың қатарына енгізілді. Сонымен бірге экономиканың дамуы адамдардың өмірінде нақты оң өзгерістер әкелуі тиіс. Біз елде лайықты еңбекақы төленетін, еңбек жағдайы қауіпсіз, әлеуметтік кепілдіктері толық сақталатын, тұрақты жұмыспен қамтылған әрі заманауи цифрлық еңбек қатынастары енгізілген бір миллион сапалы жұмыс орнын құруды мақсат етіп отырмыз», – деді партия басшысы Айбек Дәдебай.
Құрылтай депутаттығына кандидат Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, партия жас инженерлер мен геологтарды даярлауға мемлекеттік қолдауды күшейтіп, «жасыл» технологиялар мен экологиялық менеджмент бағытындағы мамандар санын арттыруды ұсынады.
Кейін республикалық штаб мүшелері TEXOL вагон жасау зауытына барып, машина жасау саласының даму әлеуетімен танысты. Мұнда өндірісті жаңғырту, қазақстандық кәсіпорындарды қолдау және жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері сөз болды.
Атыраудағы жұмыс сапары «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымымен кездесумен аяқталды. Басқосуда техникалық кадрлар даярлау, жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру, мұнай-газ саласын дамыту, еңбек қауіпсіздігін күшейту және отандық өндірісті қолдау бағытындағы ұсыныстар талқыланды.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.

