CaspianLife, 28 шілде. Қазақстанда 2026 жылғы 4 тамыздан бастап киік мүйіздерін өткізу тәртібі өзгереді. Енді киік мүйіздері мен одан өндірілген өнімдер тек электронды аукцион арқылы сатылатын болады. Бұл туралы Caspian News телеарнасы хабарлады.
Жаңа тәртіп Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2026 жылғы 22 шілдедегі №140 бұйрығымен бекітілген.
Жаңа ережеге сәйкес, электронды аукционға коллекционерлер мен жеке тұлғалар қатыса алмайды. Саудаға тек фармацевтикалық қызметке лицензиясы бар және киік мүйізі сияқты шикізатпен жұмыс істеуге заңды рұқсаты бар компаниялар ғана жіберіледі.
Киік мүйіздерінің әрбір партиясын сатуға қатысты шешімді уәкілетті мемлекеттік орган қабылдайды. Ол сатылатын көлемді, бастапқы бағаны және конкурстық комиссияның құрамын бекітеді. Осыдан кейін лот Мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталына орналастырылады.
Аукцион қорытындысы бойынша ең жоғары баға ұсынған компания жеңімпаз атанады. Сатып алу-сату шарты конкурс аяқталғаннан кейін 10 күнтізбелік күн ішінде жасалуы тиіс.
Сонымен қатар, жаңа талапқа сәйкес, аукцион жеңімпазы сатып алған киік мүйіздерін Қазақстан аумағында қайта сатуға құқылы емес. Экспортқа қатысты барлық құжаттарды рәсімдеу және оған байланысты шығындарды өтеу сатып алушының өз міндетіне жүктеледі.
Бұдан бөлек, жеңімпаз компания шикізаттың кейін кімге және қандай көлемде өткізілгені туралы ақпаратты уәкілетті мемлекеттік органдарға міндетті түрде ұсынуы тиіс.

